Нормативтік құжаттар

Республиканың барлық өңірлеріндегі аймақтарындағы

білім беру ұйымдарын бітіруші түлектерге арналған

«ТҮЛЕКТЕР ТАҚТАСЫ»

жобасының тұжырымдамасы

(Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі)

 Еліміздің экономикасында 8,5 млн. адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 2,1 млн. адам немесе 24,7%-ы жастар. Олардың арасында 502,3 мың жастар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болса, 20,7%-ы (104,2 мың) нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар.

Бұдан басқа, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың 50%-ы арнайы, орта және жалпы білімі бар болса, 22%-ның жоғары білімі бар. Жұмыссыз жастардың 63%-ның орта кәсіптік және жоғары білімі бар, 37% кәсіптік білімі жоқ.

Қазіргі уақытта еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар бойынша проблемалар бар (NEET). NEET санатындағы жастар (15-28 жас) үлесінің өсу үрдісі байқалады: егер 2011 жылы олардың үлесі жастардың  жалпы санының 7,8%  құраса, 2016 жылғы 4-ші тоқсанда 10% құрайды. (Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша).

Сарапшылардың пікірлеріне сәйкес, аталған өзекті мәселенің орын алу себептерінің бірі оқу орнын бітіруші түлектер арасында кәсіптік бағдар беру және ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстардың тиісті деңгейде іске асырылмауы болып отыр.

Аталған проблеманың алдын алу мақсатында республиканың барлық өңірлеріндегі білім беру ұйымдарының түлектеріне арналған үлгілік «ТҮЛЕКТЕР ТАҚТАСЫ» жобасын іске асыру ұсынылады.

Жобаның мақсаты – елдің барлық білім беру ұйымдарының түлектерін ақпараттандыру арқылы қажетті мамандықты таңдауда кәсіптік бағдар беру.

Жобаның міндеттері:

  1. Түлектердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға жан-жақты жағдай туғызу;

2. Құзырлы органдардың мүмкіндіктерін түлектерге кешенді ақпараттар ұсынуға жұмылдыру;

3. Жас мамандардың жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай жасау;   

4. Елдің барлық білім беру ұйымдарының түлектерін жан-жақты ақпараттандыру арқылы қажетті мамандық таңдауда кәсіптік бағдар беру;

5. Еңбек нарығының қажеттіліктерін нақты көрсете отырып, жұмыс табуына жағдай туғызу;

6. Жас мамандарға бағытталған мемлекеттік қолдауларға қол жеткізуге мүмкіндіктерді арттыру, сондай-ақ жастардың өз болашақ мамандығын саналы таңдау үшін жан-жақты жағдай жасау;

7. Қазіргі уақытта өңірлер мен республикада замануи еңбек нарығы және талап етілетін мамандықтар туралы мектеп оқушыларының хабардар болу деңгейін арттыру.

 

Ұлттық бірыңғай тестілеуді және кешенді тестілеуді өткізу қағидалары