ANTIKOR

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V ҚРЗ.

 «Даналық» колледжінде білім алушылардың  АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ КОДЕКСІ

«ДАНАЛЫҚ» КОЛЛЕДЖІНІҢ  ЖЕМҚОРЛЫҚҚА   ҚАРСЫ СТАНДАРТЫ

ЕРЕЖЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ КОДЕКСІ


 
https://youtu.be/qDJGAs2M6Y4
 

«АДАЛДЫҚ САҒАТЫНДА» МАҚПАЛ МЫСА:  «ПАРАСАТ – ПРОГРЕСС – КӨЗҚАРАС»

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кезекті «Адалдық сағатының» кейіпкері ақын Мақпал Тәжмағамбетова болды.

Нәзік жырларымен өлең сүйер оқырмандарын сусындатып жүрген ол Алматы облысында дүниеге келген.

Ел аузында Мақпал Мыса деген атпен танымал ақын талай жыр додаларының жүлдегері, атап өтсек, «Алтын тобылғы» байқауының бас жүлдегері, Қазақстан жазушылары және журналистері одағының мүшесі, «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.

 «Бақыттың мәні – парасаттылықта. Ақыл-парасат күші – жақсы мен жаман қылықты айыруға, дүниедегі ізгіліктің күшін игеруге үндейтін, жол ашатын күш» деп сұхбатын бастаған Мақпал Мыса, жас буынға берген тәрбиедегі адами құндылықтардың қаншалықты маңызды екенін айтып өтті.

«Елдік мінез қалыптастыру», яғни Отансүйгіштікке тәрбиелеу мен рухани азық беру арқылы, сана сілкінісін жасауға болатындығын жеткізді.

«Парасат – қараңғыдағы шырақ» дей келе, парасат шыңына тек адам ішіндегі әділдік сезімі арқылы ғана жету мүмкін екендігін, ал оның жас жеткіншек бойына берілетін мейірім мен шапағат арқылы қалыптасатындығын айтты.

Сондай-ақ, онлайн-дәріс барысында балаға үйдегі берілетін тәрбие, үлкендерден алған өсиет пен өнегесі, білімі мен ақылы болашағына жарық беретінін жеткізді.

Бүгінде М. Тәжмағамбетова халық қалаулысы атанып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

«Қайырылғанда қайрайтын, қарайғанда ағартар – үміт, сенім, мейірім, махаббат, достық, ізгілік сияқты ұлы қасиеттер» деп ақынның өзі айтқандай, адам бойындағы барша ізгі қасиеттер бүгінде парасаттылық ұғымына топтасып тұрғандай.

Тек оқырман сүйіспеншілігіне ғана ие болмай, сенім артқан ел базынасын да шешуге ат салысып жүрген тұлғаның жастарға парасаттылық туралы айтқан сөздері көзі қарақты жастардың жүрегінен орын табады деп есептейміз.

Бейне-дәріске сілтеме:    

 

 

 

ҚАЗЫБЕК БИ МҰРАСЫНДАҒЫ ПАРАСАТТЫЛЫҚ  ҚАҒИДАТТАРЫ

 

Әділдік, парасаттылық қағидаттары және дала данышпаны, Қазақ хандығының көрнекті саяси қайраткері Қазыбек бидің дана сөздері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кезекті «Адалдық сағатына» арқау болды.

Қаз дауысты Қазыбек би – қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан тарихында өзіндік орны бар тұлға.

Қазыбек бидің өмірі жанкешті істер мен батыл шешімдерге толы болды.

Ол реформатор, шешен, дипломат-бітімгер.

Парақорлық пен әділетсіздікті – қазақтың түбіне жететін ауыр дерт. Оны тек таза ниет пен адал істермен жеңуге болады, деді ол.

Қазыбек би үшін адамгершілік, ең жоғарғы адами құндылық ретінде бірінші орында тұрды. Мысалы «Өркенім өссін десең, кекшіл болма –кесапаты тиер еліңе. Елім өссін десең, өршіл болма – өскеніңді өшірерсің», «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деп айтып, әр қабылданар шешім мен істің тек бір адамның ғана емес, тұтастай елдің тағдырына әсер ететінін жеткізген.

Қазыбек би бір оқ атпай, артық қантөгіссіз ең күрделі мәселелерді шеше алған.

Ең мықты хандар мен қасарысқан жаулар да оның сөзіне құлақ асқан, өйткені Қазыбек би оларды сөзі мен даналығымен таң қалдырған. Оларды жүректеріне жеткізіп айта білген.

Ол сондай-ақ бытыраңқы қазақ руларын біріктіріп, бейбітшілік пен келісімге шақырды. Өзінен кейін халқы өмір сүрген әділ заңдар қалдырды.

Тапқырлық, шешендік, шыншылдық – адалдық сабағында қозғалған Қазыбек бидің үш қасиеті.

Бейне-дәріске сілтеме:

https://youtu.be/12hII-zFnd4



ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ АҒАРТУШЫСЫ ТУРАЛЫ АДАЛДЫҚ САҒАТЫ ӨТТІ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кезекті «Адалдық сағаты» қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі, жазушы, этнограф, фольклоршы ғалым, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсаринге арналды.

Қазақ даласында білімнің шырағын жаққан Ыбырай Алтынсарин бар ғұмырын қазақ балаларын оқыту жолында өткізген.

Сол мақсатпен алғаш рет балаларға арнап мектеп ашып, ана тілімізде оқулық жазған.

Ағартушы оқулықты жазудағы мақсатын «Қазақ христоматиясының» алғы сөзінде: «Бұл кітапты құрастырғанда мен кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім…» деп тұжырымдаған.

Қазақ жастары арасында білім беруді дамытудың маңыздылығын Алтынсарин өзінің басқа да көптеген шығармаларында сипаттаған.

Олардың қатарына «Өсиет өлеңдер», «Әй, жігіттер» сияқты тағы да басқа туындыларын жатқызуға болады. Бұл өлеңдерінде биік адамгершілік тұрғысынан ұрлық-қарлықты, астамсу, әділетсіздікті сынап, еңбексіздікті, ескілікті салттардың зияндығын көрсетіп, адал еңбектің адамгершілік мінез-құлықтың артықшылықтарын бейнелейді.

«Кел, балалар, оқылық» өлеңінде ақын қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлерін шебер пайдаланып, білім мен надандықты, жақсылық пен жамандықты қатар алып, салыстырып отырды.

Ы. Алтынсариннің шығармалары бүгінгі күнге дейін заманауи білім беру жүйесінің негізі болып табылады.

Жазушының адамгершілік туралы идеялары эстетикалық тәрбиемен байланыста, бірімен-бірі ұштастырыла суреттеліп отырады.

Қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, білімнің көшбасшысы, алғашқы ұстазы болып Ыбырай Алтынсарин қашан да тарих биігінде тұра берері хақ.

Ұлт ұстазы біздің тарихымызда өшпес із қалдырды. Оның арманы – халықтың гүлденген болашағына нық сеніммен қарайтын білімді жастар болды.

Бейне-дәріске сілтеме: https://youtu.be/nucWdy4gOsY

 


АДАЛДЫҚ САҒАТЫ МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ  МӘҢГІЛІК МҰРАСЫНА АРНАЛДЫ

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Мұқағали Мақатаев – мәңгілік ғұмыр» тақырыбындағы кезекті адалдық сағаты өтті.

Онлайн дәрістің негізі ретінде әділеттілік пен адалдыққа, патриотизмге және елге деген құрметтен өрнектелген ұлы ақынның шығармалары алынды.

Биыл 9 ақпан күні жыр мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл (1931–1976) толды.

Мақатаевтың шығармашылығы қазақ поэзиясының алтын қоры болып табылады. ХХ ғасырдың бірінші жартысында дүниеге келген, рухы мен бар бітімімен халықтың қайнар көзін сіңірген дарын өз халқының ең сүйікті ақыны болды.

«Поэзия – махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиіс» деген Мұқағали ақынның өлеңдері ең әуелі адамдарды адалдыққа, тазалыққа, мейірімді болуға, жас ұрпақты Отанды сүюге, туған жерді құрметтеуге, ана тілімізді ардақтауға, қарттарымызды қадірлеуге және дәл осындай бейбіт күннің қадірін білуге шақырады.

Онлайн-дәріс барысында жастар ақынның патриоттық өлеңдерімен танысты.

Ақын шығармашылығында Отан мен туған табиғат тақырыбы маңызды орын алады. Өз шығармаларында ол адам Отансыз өмір сүре алмайтынын айтты. Отансыз адамды ормансыз құсқа теңеді.

Туған халқын жырламаған ақын жоқ шығар. Ал Мұқағали ағамыздың халқына деген перзенттік махаббаты әр өлеңінде керемет суреттелген.

Сондай-ақ, «Адалдық сағатында» ақын шығармашылығы арқылы патриотизм мен жеке бастың қадір-қасиеті туралы ойлар айтылды.

Мұқағали Мақатаев қазіргі қазақ поэзиясын жаңа көркемдік деңгейге көтерді. Оның шығармашылығы идеологиялық және саяси көріністерден ада, нағыз лирикаға толы.

Ақынның шығармаларын зерттей отырып, біз Отанды сүюге және қорғауға, табиғатты аялауға, адамдарды сүюге, аналарымыз бен жақындарымызды бағалауды үйренеміз.

 

Бейне-дәріске сілтеме:

https://youtu.be/haghXaHx3oc


 

ҚАЛҚАМАН САРИН «АДАЛДЫҚ САҒАТЫН» ӨТКІЗДІ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі онлайн-дәрістер арқылы жастар арасында парасаттылық қағидаттарын ілгерілетуді жалғастыруда.

Кезекті «Адалдық сағатының» қонағы қазіргі таңда қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген белгілі ақын Қалқаман Сарин болды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы, әрі ел ішінде танымал талай туындының авторы Қалқаман Сарин өзінің өмірлік ұстанымы ретінде ұлы Абайдың тағылымын алға тартып, «Менің өмірдегі басты ұстанымым – «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деген сөздерін келтірді.

Сондай-ақ, жастарды табанды еңбек етуге, тұлғалық дамуға және патриот болуға шақырды. Оның пікірінше, патриот болу үшін ең бірінші
әр азамат өзінің тарихын оқуы керек, сонда ғана елін, жерін, бабаларын мақтан тұтады.

Ол өзінің жеке өмірі мен мансабында жетістікке жетуге мүмкіндік берген әділеттілік пен адалдық сияқты өмірлік құндылықтарымен бөлісті. Бірінші кезекте ата-анасын мақтан тұтатындығын айта келе, «Анаңның жаққан ошақ отына жылынып, әкеңнің еккен еменінің көлеңкесінде өскен ұрпақ жаман болмайды» , – деді.

Парасатты қоғам құру үшін әрбір адам өзінің санасын жақсылыққа қарай өзгертіп, парасатты ұрпақ тәрбиелеп, заңды, ұлтмыздың дәстүрін сақтау керектігін айтып ойын түйіндеді

 «Адалдық сағатының» негізгі мақсаты – танымал тұлғалардың өмір және еңбек жолы арқылы өскелең ұрпақтың бойына парасаттылық құндылықтарын сіңіру және адалдық, әділдік, инабаттылық және сенім сияқты ең маңызды адамгершілік құндылықтарды дарыту.

 

Бейне-дәріске сілтеме:

https://youtu.be/AW8c7KyIXNk